Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астаналық полицейлер бірнеше ұрлыққа қатысы бар ер адамды ұстады

Астаналық полицейлер бірнеше ұрлыққа қатысы бар ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында елордалық полиция қызметкерлері бірқатар ұрлық жасағаны үшін қаланың 28 жастағы тұрғынын ұстады. Бұрынғы істі болғанына қарамастан және тиісті қорытынды жасамай, Ақмола облысында пробациялық есепте тұрып, ол ұқсас қылмыстарға қайта барған. Ол пластикалық терезелерді бұзу арқылы елордада төрт ұрлық жасады.

–  Үй иелерінің жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін, ер адам жеке үйлерге кіріп, электрониканы, зергерлік бұйымдарды, тағы да басқа қолына іліккеннің бәрін ұрлаған. Кезекті ұрлықтан кейін ол ұсталды, – дейді Астана қаласы ПД бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов.

Полицияға елорда тұрғыны жүгініп, белгісіз бір адам оның Жаркөл көшесінде орналасқан үйіне кіріп, Samsung екі ұялы телефонын және Apple планшетін ұрлап кеткенін айтқан. Ұрланған заттарды күдікті техника сатып алушыға өткізіп жіберген.

Күдікті тағы үш осыған ұқсас ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды. Күндізгі уақытта ол Шолохов көшесінде жеке үйге пластикалық терезені бұзып кіріп, Samsung теледидарын ұрлап кеткен. Тағы бір жағдайда ол Байшешек көшесіндегі үйден алтын бұйымдарды ұрлаған.

Сондай-ақ Сливовая көшесіндегі үйге ұқсас жолмен кіріп, жатын бөлмеден алтын бұйымдарды ұрлаған, осылайша 1,5 млн теңгеден астам шығын келтірген. Ол ұрланған зергерлік бұйымдарды ломбардқа өткізіп, белгісіз адамдарға сатқан.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру