Атырауда мереке күндері полицияға 800-ден астам хабарлама келіп түсті
Атырауда мереке күндері полицияға 800-ден астам хабарлама келіп түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысының аумағында 4-6 шілде аралығындағы мерекелік демалыс күндері полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды. Осы кезеңде "102" арнасына 800-ден астам хабарлама келіп түсті. Сонымен қатар дронның көмегімен 7 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мерекелік көпшілік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері ата-аналардың ерекше алғысына ие болды. Көпшілік орында ата-анасынан көз жазып қалған үш бүлдіршін жедел іздестіріліп, аман-есен отбасыларына табысталды. Тәртіп сақшылары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болып, көпшілік орындарда оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.
Рейдтік іс-шаралар барысында түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүрген 70-тен астам жасөспірім анықталды.
Полиция кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне заңмен тыйым салынғанын еске салып, мұндай жағдайда ата-аналар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын хабарлайды.
Сондай-ақ мереке күндері мас күйінде көлік басқарған бес жүргізуші анықталды. Бұдан бөлек, үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан зардап шеккендер болды. Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал жаяу жүргіншілерді жолдан өту кезінде барынша мұқият болуға шақырады.
Егер қандай да бір құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз немесе көмек қажет болса, дереу "102" арнасына хабарласыңыз.
