Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда мыңға жуық жастың басын қосқан "ATYRAU VOLUNTEER FEST" фестивалі өтті

Атырауда мыңға жуық жастың басын қосқан "ATYRAU VOLUNTEER FEST" фестивалі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында өткен "ATYRAU VOLUNTEER FEST" еріктілер фестивалі өңір жастарының басын қосқан ауқымды әрі мазмұнды шараға айналды. Оған мыңға жуық волонтер мен белсенді жастар, сондай-ақ халықаралық және отандық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру болды.

Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, құқық қорғау органдарының өкілдері, "Жастар Рухы" жастар қанатының мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Күні бойы өткен ашық форматтағы кездесулерде спикерлер жастармен тәжірибе бөлісіп, еріктілік қызметтің маңызы мен оның қазіргі қоғамдағы рөлі жан-жақты талқыланды.

Фестиваль аясында 15-ке жуық ұйым өз қызметін көрме форматында таныстырды. Аталған алаңда Атырау облысы полиция департаменті де белсенділік танытып, жас буынмен профилактикалық бағытта кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернет-алаяқтық, кибербуллинг, нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу тақырыптарын қамтып, нақты мысалдар арқылы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән берді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратып, құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде пайдалы кеңестер ұсынды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, ашық әрі еркін диалог алаңы қалыптасты.

Кеш соңында фестиваль мерекелік концертке ұласып, танымал өнерпаздардың өнер көрсетуі көрермендерге ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру