Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда қорғау нұсқамасын бұзған 90-нан астам адамға хаттама толтырылды

Атырауда қорғау нұсқамасын бұзған 90-нан астам құқық бұзушығаға хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қазақстан Республикасының “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” Заңына сәйкес, қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларының бірі болып есептеледі және оны бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген жауаптылыққа әкеліп соғады.

Заңнамаға сәйкес, қорғау нұсқамасы жәбірленушінің пікірін ескере отырып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шығарылады, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған не оны жасау қаупі төнген адамға орындау үшін қолхатпен беріледі. Қорғау нұсқамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, оның еркіне қарамастан, оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салынады.

Осы орайда Атырау қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы қызметкерлері мен учаскелік полиция қызмет бөлімдері бірлесіп жұмыстар атқаруда. Қазақстан Республикасының “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы” Заңының 20-бабына сәйкес, басқарманың тізімдік есебіне қорғау нұсқамасы санатымен алынған тұлғалардың мекенжайлары тексерілді. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу мақсатында, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмектер көрсетілуде.

Жыл басынан бері учаскелік полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 73- бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 1120 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1542 тұлғаға қорғау нұсқамасын шығарған. Аталған жұмыстарды атқару барысында қорғау нұсқамасын бұзған 90-нан астам құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы (Қорғау нұсқамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама рәсімделіп, жинақталған құжаттар Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды.

Айта кетейік, қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі 30 тәулікті құрайды. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған кемінде 7 күнде бір рет тексерумен профилактикалық бақылау жүзеге асырылады. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзу ескерту жасауға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

– Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, төменде көрсетілген нөмірлер арқылы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кеңес ала аласыз: 102, +7 (702) 235-19-98 Сенім телефоны: 98-35-32. Алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстар өз жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру