Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда түнгі рейд барысында 24 жасөспірім анықталды

Атырауда түнгі рейд барысында 24 жасөспірім анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Әкелер патрулі" түнгі рейдке шықты.

"Назар аударыңыз, балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған рейдке полиция қызметкерлерімен қатар білім беру ұйымдарындағы белсенді әкелер де қатысты. Рейдтік топтар қала көшелерін, саябақтар мен аулаларды, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарды аралады.

Тексеру барысында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген 24 жасөспірім анықталды. Олармен және ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заңнама талаптары мен түнгі уақытта қараусыз жүрудің ықтимал қауіптері түсіндірілді. Анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Түнгі уақытта бақылаусыз жүрген жасөспірім құқық бұзушылыққа қатысушы ғана емес, қылмыстың құрбаны да болуы мүмкін. Сондықтан рейдтің басты мақсаты – жазалау емес, қауіптің алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

Жыл басынан бері Атырау қаласында ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін, сондай-ақ тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз жүрген 1012 жасөспірім анықталған.

Полиция ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың қайда және кіммен жүргеніне назар аударуды ескертеді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бергені үшін заңнамада жауапкершілік көзделген.

Баланың түнгі уақытта қараусыз жүруі оның қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру