Атыраулық полицейлер өрт шыққан көпқабатты үйден тұрғындарды эвакуациялады
Атыраулық полицейлер өрт шыққан көпқабатты үйден тұрғындарды эвакуациялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 шілде күні сагат 06:30 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әділет Қаматай мен Салауат Уахитов қызмет атқару кезінде Авангард төртінші мөлтек ауданы 10-шы үйден өрт шығып жатқандығын байқап, дереу оқиға орнына жеткен. Тәртіп сақшылары келе сала бес қабатты үйдің өрт шыққан подьезінің әр пәтерінің есігін қағып, 20-ға жуық тұрғын мен 5 жасөспірім баланы эвакуациялады.
– Өрт салдарынан шығып жатқан түтінді байқап, жедел түрде жоғарғы қабатқа көтерілдік. Ең бірінші мақсатымыз – халыққа көмектесу болды. Өрт шыққан үйдің тұрғындарын шұғыл қауіпсіз жерге шығарып жатқан уақытта 4-ші қабатты ес-түссіз жатқан әйелді көріп, алғашқы медициналық көмек көрсеттік, – дейді Әділет Қаматай.
– Бүгін 7 шілде күні сағат 06:30 шамасында Авангард мөлтек ауданы 10 -шы үйдің 4-ші қабатынан өрт шықты. Бәріміз далаға жүгіре бастадық. Сол уақытта полиция қызметкерлері дереу келіп, тұрғындардың барлығын қауіпсіз жерге шығарды. Алғысымды білдіремін, -дейді өрт шыққан үйдің тұрғыны.
Атырау қаласы Полиция басқармасы тұрғындардан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігін ескертеді.