Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл Петропавлда жасөспірімдердің қатысуымен болған 23 қылмыс тіркелді

Биыл Петропавлда жасөспірімдердің қатысуымен болған 23 қылмыс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдың 10 айында Петропавлда жасөспірімдердің қатысуымен болған 23 қылмыс тіркелді. Олардың жартысына жуығы мүліктік сипатта: 2 тонау, 5 ұрлық, 3 қорқытып алу және тағы басқа қылмыс түрлері.

Бұндай статистика қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдулиннің білім ошақтарының директорларымен жұмыс кездесуін өткізуге мұрындық болды.

Полицейлер мен білім беру саласы өкілдерінің арасындағы өзара іс-қимыл тиімді іске асып келеді. №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззәт Жалмұқанованың айтуынша, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар мектепке жиі келіп, тиісті жұмыстарын жүргізеді екен. Проблемалы сұрақтар да жоқ емес. Мәселен, 16 жастағы кәмелетке толмағандарға қатысты жүргізілетін процестік әрекеттер әлеуметтік педагогтың немесе психологтың қатысуымен өткізілуі тиіс. Түнгі уақытта құқық бұзушылықты анықтаған жағдайда олардың тез арада қатысуын ұйымдастыру қиындық туғызады. Кездесуде әлеуметтік педагогтардың кезекшілік кестесін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Тағы да қаралған сұрақтар – қоғамдық ұйымдармен іс-қимыл жасасу, жалпыға бірдей оқыту ұйымдастыру, тұрмысы қолайсыз отбасылармен күшейтілген жұмыс жүргізу.

Сондай-ақ Әлібек Ғабдуллин жиналғандарды оқу орындарарында буллингтің, алаяқтықтың таралуының қаупі жайлы хабардар етті. Жуырда СҚО-да кәмелетке толмаған жасөспірім дроппер болғаны, яғни алаяқтардың әккі әрекетіне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

– Кездесу 2 қараша күні аяқталған “Мектеп” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде өтті. Полиция қызметкерлері оқушылармен және ата-аналармен кездесті, мектеп демалысы кезінде колледждердегі студенттердің және ұстаздардың арасында жұмыстар жүргізді. Кәмелет жасына толмағандар жасайтын және оларға қатысты жасалуы мүмкін қылмыстарды болдырмау бойынша жұмыстар күшейтілді. Бұндай жұмыстар ұдайы негізде келешекте де жалғасады, – дейді Әлібек Ғабдуллин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру