Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бойжеткеннің қалтасынан телефон ұрлаған ұры анықталды

Қарасай ауданының полицейлері бойжеткеннің қалтасынан «IPhone» маркалы телефонды қолды қылған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарасай ауданының тәртіп сақшыларына жергілікті тұрғын хабарласып, Жібек жолы ауылдық округіндегі сауда үйінің алдында белгісіз біреудің телефонын ұрлап кеткендігін хабарлаған. Сондай-ақ, жергілікті блогердің әлеуметтік желідегі парақшасында қылмыс болған сәттегі оқиға орнында түсірілген бейнежазба жарияланған.

Жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұлтартпас айғақтар негізінде ол қылмысын мойындап, ұрланған телефонды сатып жібергенін айтты.

– Оқиға орнындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында қылмысқа қатысы бар күдіктінің өзге біреудің қалтасынан телефон ұрлаған сәті жазылғаны анықталды. Күдікті бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сегіз рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, –  деп хабарлады Қарасай ауданы Полиция басқармасының бастығы Бақыт Тотыбаев.

Тергеу барысында күдікті азаматтың ұрланған телефонды Алматы қаласындағы базарлардың бірінде сатып жібергені белгілі болды. Дегенмен, ол зардап шегушінің материалдық шығынын толығымен өтеді. Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеретін болады.

Өз кезегінде, полицейлер қалта ұрлығының алдын алу үшін құнды дүниелерді киімнің сыртқы қалтасына салмау керектігін және жеке заттарға өте мұқият болу қажеттілігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру