Боранда қалған жандарды құтқарған батыр полицейдің ерлігі
2001 жылғы 5 қаңтарда Омбы – Майқапшағай тасжолында болған алапат боран кезінде полиция капитаны Жалелхан Мұрынбаев қар құрсауында қалған ондаған адамның өмірін құтқаруға атсалысты. Қарттарды қауіпсіз жерге жеткізіп, өзге азаматтарға көмектесуді жалғастырған ол қызметтік әрі адамгершілік борышын орындау жолында өз өмірін құрбан етті. Оның ерлігі бүгінге дейін қазақстандық полицияның тарихындағы жанқиярлықтың жарқын үлгісі ретінде құрметпен еске алынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2001 жылғы 5 қаңтарда Омбы – Майқапшағай тасжолында алапат боран соқты. Қалың қар мен екпінді желдің салдарынан ондаған автокөлік жолда қалып, ішіндегі адамдардың өміріне қауіп төнді. Сол сәтте көмекке алғашқылардың бірі болып Тарбағатай аудандық (қазіргі Ақсуат ауданы) жол полициясы бөлімшесінің бастығы Жалелхан Мұрынбаев жетті.

Қар құрсауында қалған адамдар туралы хабар алған ол уақыт жоғалтпай оқиға орнына аттанды. Көзге түртсе көргісіз боран мен күрделі ауа райына қарамастан, полиция капитаны жолда қалған көліктерге жетіп, көмекке мұқтаж жандарды іздеуге кірісті. Зардап шеккендердің арасында шұғыл көмекті қажет ететін қарт адамдар да болған.
Жалелхан Мұрынбаев еш ойланбастан оларды қызметтік көлігіне отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізді. Алайда өзі апат аймағында қалып, өзге адамдарды құтқару жұмысын жалғастырды. Қызметтік әрі азаматтық борышын адал атқарған ол өзгелердің өмірін сақтап қалу жолында өз өмірін құрбан етті.

Жалелхан Мұрынбаевтың ерлігі Қазақстан полициясының тарихында батылдықтың, жанқиярлықтың және халыққа қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде мәңгі сақталып қалды.
Бүгінде оның жарқын бейнесі туған-туыстарының, әріптестерінің және өңір тұрғындарының жүрегінде сақтаулы. Ұлы әкесінің жолын жалғап, ішкі істер органдарында қызмет атқарса, жұбайы Айгүл Мұрынбаева полиция подполковнигі шенінде абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Жалелхан Мұрынбаевтың есімі Отан алдындағы адалдықтың, антқа беріктіктің және шынайы ерліктің символы ретінде ел жадында мәңгі қала береді.
