Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Дәрмек” операциясы: есірткінің заңсыз айналымына қатысты 77 қылмыс анықталды

“Дәрмек” операциясы барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 77 қылмыс анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың ресми айналымындағы заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында ІІМ “Дәрмек” арнайы ауқымды операциясын жүргізді.
бес күн ішінде 877 субъекті, оның ішінде дәріханалар мен қоймалар, емдеу-алдын алу мекемелері және өнеркәсіптік кәсіпорындар тексерілді.

Қазіргі уақытта “дәріханалық” нашақорлық кең тарала бастағаны белгілі. Сондықтан полицейлер есірткіге ұқсас мас қылатын және тәуелділікті туғызатын дәрі-дәрмектерді рецептсіз босату фактілерін анықтауға баса назар аударды.

Осындай есепке алынған препараттарды рецептісіз босатудың 56 фактісі анықталды, 12 тонна прекурсорлардың айналымы шектелді.

Операция барысында 21 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 17-сі есірткі құралдарымен жұмыс істеу ережелерін бұзу, төртеуі улы заттардың, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды дайындау үшін пайдаланылатын заттардың заңсыз айналымына қатысты болды.

Бақылаудағы заттар айналымы саласында 99 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде объектілерді техникалық нығайту талаптарын бұзуға қатысты 34 факті, лицензиялау нормаларын бұзуға байланысты тоғыз факті тіркелді.

Әкімшілік жауапкершілікке 40 медицина қызметкері тартылды.

Мәселен, Атырау тұрғыны психотроптық препараттарды сатумен айналысқан, одан 58 пластинка мен 31 құты күшті әсер ететін препараттар тәркіленген.

Сақтау талаптары бұзылған немесе құрамында есірткі бар сатылымдағы барлық препараттар айналымнан алынды. Атап айтқанда, екі мыңнан астам есірткі құралдары ампуласы, 1 600-ден астам таблетка және 1 800 психотроптық заттар ампуласы тәркіленді.

Операция барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 77 қылмыс анықталды. Оның ішінде 38-сі өткізу фактісі болса, аса ірі мөлшерде есірткіні сақтау бойынша 15 факті тіркелді, үш контрабандалық әрекеттер әшкереленді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полицейлері облыс орталығының тұрғынын ұстап, үйіне тінту жүргізген кезде 10 кг-ға жуық гашиш тауып алды.

Барлық анықталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру