Департамент бастығы ардагерлермен кездесті
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Жамбыл облысының ПД бастығы ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 желтоқсан күні ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекелеу аясында Жамбыл облысы Полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу өтті. Қазіргі таңда Жамбыл облысы ПД-нің Ардагерлер ұйымында 1 284 адам бар.
Кездесуде сөз алған Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Ардагерлер ұйымы полициямен қашанда бірге, әрі қарай да бірлесіп әрекет ете беруі тиіс. Зейнет демалысына шыққан адам өзін керексіз сезінбеуі қажет. Біз әрқашан олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, қажет кезінде қол ұшын созып отырамыз. Жас буын полицейлерді патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге атсалысқаны үшін облыстық ПД Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне ерекше алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Іс-шара барысында ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Шара барысында жылдағы дәстүр бойынша ҚР Тәуелсіздігі күніне орай ішкі істер органдарының ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарына жан-жақты жауаптар алды.
Кездесу соңында ІІО ардагерлері бүгінгі тәртіп сақшыларының аға буын-ардагерлерге үлкен құрметпен қарап, қамқорлық танытатындығын айрықша атап өтіп, Полиция департаментінің басшылығына алғыстарын білдірді.