Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Джиу-джитсудан Италияда өткен халықаралық турнирде Қазақстан полицейі алтын алды

Джиу-джитсудан Италияда өткен халықаралық турнирде Қазақстан полицейі алтын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рим қаласында джиу-джитсудан GRAND SLAM ROME байрақты бәсекесі өтті. Аталған бәсекеде Қарағанды облысы Теміртау қаласы полиция басқармасының аға инспекторы Шыңғыс Ізмұханов 100 келі салмақта алтын медальді қанжығасына байлады.

Шыңғыс Ізмұханов турнирде үш жекпе-жек өткізді. Бірінші кезеңде Дания өкілімен, екінші кездесуде болгариялық балуанды жеңіп, финалға шықты. Соңғы кезедсуде Ұлыбританияның мықты спортшысымен бақ сынасты.

– Ұлыбританияның спортшысы ең мықты қарсылас болды, – дейді Шыңғыс Ізмұханов.

Алайда мықты техника және тартысты бәсеке қорытындысы бойынша алтын медаль Қазақстан спортшысына бұйырды. Шыңғыс Ізмұханов самбо, жауынгерлік самбо және ММА спорт түрлерінен спорт шебері. Ол спортпен жеті жасынан бастап айналыса бастаған. Алғашында әртүрлі спорт секцияларына қатысып көрген полиция қызметкері 15 жасынан бастап дзюдо және самбо секцияларына тұрақты қатыса бастаған. Кейін есейген шағында жауынгерлік самбоны таңдаған.

Үнемі спортты жанына серік еткен Шыңғыс 2013 жылы ішкі істер органына қызметке келіп, еңбек жолын Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөлімінде жедел уәкіл лауазымында бастап, кейін Теміртау қалалық полиция басқармасына ауысқан.

Халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп жүрген Шыңғыс Ізмұханов қызметінде қатар алып жүрген тәртіп сақшысы екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру