Екібастұз тұрғыны киберполиция қызметкерлеріне алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласының тұрғыны интернет-алаяқтыққа қатысты күрделі жағдайда көрсеткен жеделдігі мен кәсібилігі үшін киберполиция қызметкерлеріне шынайы ризашылығын жеткізді.
Өтініш иесінің айтуынша, оқиға "Колёса" танымал хабарландыру сайты арқылы сауда жасағаннан кейін болған. Сатушы қашықтан шот ұсынып, күмән тудырмағандықтан, ер адам көрсетілген сомаға төлем жасаған. Алайда көп ұзамай оның алаяқтық схеманың құрбаны болғаны анықталған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында бір апта бойы тиісті жұмыстар жүргізілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде азаматтың қаражаты қайтарылды. Атап айтқанда 83 000 теңге көлеміндегі алғашқы төлем жедел түрде қайтарылса, 230 000 теңге көлеміндегі екінші сома кейінірек өндірілді.
Өтініш беруші бұл істі жүргізген жедел уәкілдер Асхат Сатубалдинов пен Әділ Мұхановқа ерекше алғыс білдірді.
– Қалыптасқан жағдайды түсініп, дер кезінде қажетті шараларды қабылдауға көмектескендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің жеделдіктеріңіз бен біліктіліктеріңіздің, сондай-ақ жауапкершілікпен қарап, істі мұқият жүргізгендеріңіздің арқасында мәселе оң шешімін тапты. Әсіресе шыдамдылық танытып, барлық кезеңдерді жан-жақты түсіндіріп бергендеріңіз үшін ризамын, – деді ол.
Бұл жағдай онлайн сауда барысында сақтық шараларын ұстанудың маңыздылығын және интернет-алаяқтықпен күресте киберполиция қызметінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.