Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері "Үміт" балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап, оларға ерекше көңіл-күй сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары балалар үйіне арнайы барып, бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар олар балаларға зор денсаулық, оқуда табыс және армандарының орындалуын тілеп, жылы лебіздерін жеткізді.

Мерекелік кездесуге Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығының орынбасары Ермат Айтмағанбетов пен патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали қатысты. Олар тәрбиеленушілермен еркін әңгімелесіп, балалардың көңіл-күйімен бөлісті.

Полицейлердің айтуынша, өскелең ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір ересек адамның маңызды міндеті. Әсіресе, әрбір бала өзін қауіпсіз сезініп, қоғам тарапынан қолдау мен қамқорлықты сезінуі қажет.

Балалар үшін бұл кездесу ерекше тосынсыйға айналып, мерекелік күнге көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлады. Өз кезегінде тәрбиеленушілер қонақтарға алғыстарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.

Мұндай игі бастамалар Екібастұз полицейлері үшін дәстүрге айналған. Тәртіп сақшылары балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға да үлес қосып келеді.

Мамандардың пікірінше, осындай кездесулер балалардың бойында мейірімділікке, қамқорлыққа деген сенімді қалыптастырып, олардың жарқын болашаққа деген үмітін арттыра түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру