Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда жасөспірімдер қауіпсіздігіне арналған профилактикалық дәріс өтті

Екібастұз қаласындағы №33 мектепте жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов қатысып, оқушылармен маңызды тақырыптар аясында мазмұнды әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында жасөспірімдер қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе интернет-алаяқтық тақырыбына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда жасөспірімдердің тек алаяқтардың құрбанына айналып қана қоймай, заңсыз әрекеттерге, соның ішінде «дропперлік» деп аталатын қаржылық схемаларға тартылып жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар мессенджерлер мен Telegram-арналар арқылы жастарды есірткі қылмыстарына тарту мәселесі қозғалып, мұндай жағдайда оларға «курьер» ретінде жалған жұмыс ұсынылатыны ескертілді.

Полиция бастығы қала аумағында тіркелген және жолы кесілген есірткі қылмыстары туралы мәлімет беріп, бұл мәселенің әлі де өзекті екенін жеткізді.

Дәрістің келесі бөлімі жол қауіпсіздігіне арналды. Оқушыларға мотокөлік пен скутерлерді пайдалану ережелері, оларды ХҚКО-да тіркеудің маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ автокөлік жүргізуді үйренудің қажеттілігі, жол қозғалысы ережелерін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қатаң сақтауы тиіс екені айтылды.

Кездесу барысында нақты өмірден алынған мысалдар келтіріліп, құқықбұзушылық пен абайсыздықтың салдары көрнекі түрде түсіндірілді.

Жазғы шомылу маусымы қарсаңында судағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Оқушыларға су айдындарында өзін ұстау тәртібі мен сақтық шараларын сақтау қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар тонау және өзге де қылмыс түрлері талқыланып, сақтық таныту мен жеке жауапкершіліктің маңызы атап өтілді. Дропперлік пен сталкингке қатысты заңнамадағы жаңа нормалар жөнінде де ақпарат берілді.

Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Сонымен бірге Төлеген Құдайбергенов құқық қорғау органдарында қызмет атқару мүмкіндіктері мен бейінді академияларға түсу жолдары туралы айтып өтті.

Мұндай іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда және олардың қауіпсіздікке саналы, жауапты көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру