Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда полициясы 25 жылдығын атап өтті

Астана қаласы Полиция департаментінің тарихы Қазақстанның жаңа елордасының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде елорда полициясы өзінің құрылуының 25 жылдығын атап өтті. Бұл жылдары қаланың инфрақұрылымы кеңейтіліп, төрт аудандық Полиция басқармасы құрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордалық полицияның қалыптасу кезеңінде кәсіби өзекті қалыптастыруда, қылмыспен күресудің жаңа технологияларын енгізуде әр жылдары департаментті басқарған бастықтар үлкен рөл атқарды. Бұлар генералдар – Виктор Кан, Арман Жалмұханбетов, Серімжан Досымов, Марат Демеуов, Амантай Әубәкіров, сондай-ақ ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев және қазіргі уақытта ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов.

Айтулы мерекеге орай “Астана” концерт залында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты шара өтті. Ресми бөлімге елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов және елордалық полицияның жеке құрамы қатысты.

Қала басшысы құттықтау сөз сөйлеп, бүгінде полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдайдың жасалып жатқанын, биыл 2500 полиция қызметкерінің жалақысы 30 пайызға өскенін атап өтті.

Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуы айтарлықтай жақсарды. Қазіргі заманғы құралдар мен техниканың арқасында полиция мобильді  болып, қылмыспен тиімді күресіп жатыр. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларына алғыс айтып, полиция қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыс етті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың атынан құттықтау сөзін жеткізді.

Алматы аудандық полиция басқармасында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тәуелсіздік жылдарында қылмысқа қарсы күресте 8 полиция қызметкері қаза тапты. Олар бейбіт уақытта анттарына адал болып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қиды. 

– Осы уақытқа дейін олардың іс-әрекеттері ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері үшін батырлықтың үлгісі мен өз халқына адалдықтың белгісі болып табылады. Олардың ерліктері біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Біз әріптестерімізді есте сақтаймыз және олардың отбасыларына зор денсаулық пен амандық тілейміз!, – деп атап өтті Марат Төлебаев.

Сонымен қатар ІІО ардагерлеріне, ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет еткен және департаменттің құрдас полицейлеріне, жас қызметкерлердің ата-аналарына, сондай-ақ шақырылған қонақтарға, оның ішінде ұлдары мен күйеулері қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан аналар мен жесірлерге құрмет көрсетілді. Аналар мен жесірлер “Астана қаласының полиция департаментіне 25 жыл” медалімен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында Қаршыға Кішкентаев, Төлеуұлы Қалмағамбет, Ғабит Досаев, Сағныш Бейсенбин бар.

Сондай-ақ “Астана қаласының полиция департаментіне 25 жыл” медалімен ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет еткен полиция қызметкерлері марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру