Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада мас жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен Қырғызстандық такси жүргізушісі анықталды

Елордада мас жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен Қырғызстандық такси жүргізушісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

33 жастағы ер адам Алматы ауданының полиция бөліміне арызбен жүгініп, оны такси жүргізушісі тонап кеткендігін хабарлаған.

Тергеу барысында, жолаушы масаң күйде қалада жүру үшін жеке тасымалдаушыны жалдағаны анықталды. Жолда келе жатып, такси салонында ол жүргізушімен жанжалдасып, оны қорлай бастаған.

Шарбақты көшесінің бойындағы жол жиегіне тоқтаған такси жүргізушісі агрессивті жолаушыны көліктен сүйреп шығарып, оны ұрып-соғып, 100 мың теңгеден астам ақшасын тартып алған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің орналасқан жерін анықтады. Ол Қырғызстанның 37 жастағы азаматы болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде шетелдіктің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екендігі анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қырғызстан азаматы мойындау көрсетпелерін берді, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Қоғамдық орындарда болған кезде қымбат заттар мен үлкен сомадағы ақшаны көрсетпеуге тырысыңыз. Егер сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалса, дереу полицияға хабарлау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру