Елордада полицейлер жүк көлігінен азық-түлік ұрлауға әрекеттенген екі тұрғынды ұстады
Елордада полицейлер жүк көлігінен азық-түлік ұрлауға әрекеттенген екі тұрғынды ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктілер аулада тұрған ГАЗель автокөлігін байқап, оның ішін тексермек болған. Көліктің жүк салғыш бөлігі құлыпталмағанын біліп, олар ішіндегі тауарларға қол сұққан. Автокөлік сауда өкіліне тиесілі, ол онда азық-түлік салынған жәшіктерді тасымалдап, сақтаған.
Күдіктілер тауардың бір бөлігін алып шығып, өздері келген автокөлікке тиеген. Алайда оқиға орнынан қашып үлгермеген. Олардың әрекетін үй тұрғындарының бірі байқап, бірден полицияға хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары күдіктілерді аула маңынан ұстады.
Ұрланған заттар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция ескертеді: көлік құралдарын және жүк бөліктерін қысқа уақытқа болса да құлыпталмаған күйде қалдырмаңыздар. Азаматтардың қырағылығы мен полицияға дер кезінде хабарлауы қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді.
