Есірткі сақтаған азамат 100 сағат қоғамдық жұмыстар атқарады
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында есірткі сақтағаны үшін сотталған азамат сот үкімімен 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуырда Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіне есірткіні заңсыз сақтаған азамат алынды. Оған сот үкімімен 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалған.
Қазіргі таңда ол Жосалы кенті әкімінің өкімімен күніне 8 сағат қоғамдық орындарды абаттандыру, тазалау жұмыстарын істеу арқылы жазасын өтеуде.
– Өзім жұмыссыз болғандықтан, күніне 8 сағат қоғамдық жұмыс істеп, жазамды тезірек өтеп, пробация есебінен шығарылсам деймін. Бұл жағдай маған сабақ болды. Келешекте бұндай қателікке бой алдырмай, қоғамға пайдамды тигізетін азамат болсам деймін, – деді есептегі азамат.
– 2020 жылдың 12 айында мәжбүрлі қоғамдық еңбекке 15 азамат тартылды. Олар күніне 4 сағаттан жергілікті әкімдік белгілеген орындарда көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын атқарды. Қазіргі таңда осы азамат күніне 8 сағаттан қоғамдық жұмыстар атқарып, жазасын өтеп жатыр. Ол белгіленген жерге уақтылы келіп, жұмысын тиянақты орындап жүр, – деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жақсыбек Жүнісов.