Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Газпромға” жұмысқа орналаспақ болған петропавлдық интернет-алаяқтың құрығына түсті

“Газпромға” жұмысқа орналаспақ болған Петропавл қаласының тұрғыны интернет-алаяқтың құрығына түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернеттегі хабарландыру арқылы жұмысқа орналаспақшы болған Петропавл қаласының тағы бір тұрғыны алаяқтың құрығына түсті. Жәбірленуші веб-ресурстардың бірінде ресейлік “Газпром” ААҚ-ға жұмысқа орналастыру туралы хабарландыруды байқайды. Әйел көрсетілген нөмірге хабарласады, әңгіме барысында оған еңбек шартын ресімдеу үшін медициналық сақтандыруға төлем жасау қажеттігін айтқан. Жәбірленуші “Qiwi”-әмияннің нөміріне 150 доллар жібергеннен кейін “жұмыс беруші” байланысқа шықпай қойған. Алаяқтың құрбанына айналған Петропавл тұрғыны полицияға жүгінді. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

– Хабарландыру бойынша жұмысқа орналастыру – соңғы кезде осы тәсілді алаяқтар жиі пайдалануда, – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин. – Алаяқтардың құрығына түспеу үшін жұмысқа орналасу сияқты мәселелер жеке кездесу арқылы шешілетінін естен шығармаған жөн. Алаяқтар жұмысқа орналастырамын деп, көп жағдайда медициналық сақтандыруға, сондай-ақ жеке құжаттардың фотосына ақша жіберуді сұрайды. Қандай жағдай болмасын, ақша жіберуге болмайды. Құжаттардың фотосы кейін басқа адамдарды алдауға немесе жәбірленушілердің атына несие ресімдеуге пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ, полицейлер интернет-алаяқтық кең таралған қылмыс түрі екенін атап өтті. Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында осындай тоғыз факті тіркелді. Өткен жылы облыста 495 интернет-алаяқтық жасалған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру