Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кадрлық ауыс-түйіс

Қайрат Сүнтаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Тиісті Өкімге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда ғана қол қойған болатын. Өзінің жаңа орынбасарын жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды.

Қ.И. Сүнтаев 1961 жылы туған. Құқық қорғау орган саласындағы алғашқы еңбек жолын 1992 жылы Павлодар облысында Краснокут ауданы прокуратурасының тергеушісі қызметінен бастады. Басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі мол. Әр жылдары Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде жұмыс істеді, Тергеу және анықтау департаментін, сондай-ақ ІІМ тергеу комитетін, Атырау облысының Ішкі істер департаментін басқарды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінде еңбек етті. 2014-2019 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді: Ақтөбе облысы және Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменттерін, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын басқарды.

Президент Әкімшілігінің келісімімен ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тағайындауымен:

Полицияның генерал-майоры Игорь Владимирович Лепеха ҚР ІІМ аппаратының басшысы болып бекітілді.

И.В. Лепеха 1962 жылы Қарағанды облысында туған. Ішкі істер органдарында 1986 жылдан бастап орта және аға басшы құрамның түрлі жедел лауазымдарында қызмет етті. Басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі жеткілікті. Әр жылдары патрульдік, әкімшілік полиция басқармасының басшысы, Қарағанды облысы полиция департаменті басшысының орынбасары, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Штаб-департаментінің басшысы қызметін атқарды. 

Мұрат Қалибекұлы Баймұқашев ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

М.К. Баймұқашев 1967 жылы туған, құқық қорғау органдарында 1994 жылдан жұмыс істейді.

Ішкі істер органдарындағы жұмысын МАИ жол-патрульдік қызметі батальонының инспекторы лауазымынан бастаған. 1997 жылдан бері ІІМ Жол полициясы департаментінде жұмыс істеді, сондай-ақ Министрліктің орталық аппаратының бөлімдері мен департаменттерін басқарды. 2009-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңсесінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді, оның ішінде алты жылға жуық қорғаныс және құқық тәртібі бөлімін басқарды. 2019 жылғы сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

Мақсат Қайдошұлы Байболов та енді ҚР ІІМ құрамында еңбек етеді.

Бұрын осы бөлімше басшысының орынбасары болып жұмыс істеген полиция подполковнигі Талғат Баянұлы Әбілмәжінов енді ҚР ІІМ штаб-департаментінің басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру