Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда тергеуші алаяққа алданып қалған ақтөбелікке көмектесті

Көкшетауда тергеуші алаяққа алданып қалған ақтөбелікке ақшасын қайтаруға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетау қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің қызметкері Әйгерім Бостанбаеваға алғыс сөздері департамент бастығының атына келіп түсті. Жолдаудың авторы Ақтөбе қаласының тұрғыны Сергей Жегужевский тергеушінің кәсібилігінің арқасында автокөлік сатып алу үшін алаяққа аударған 500 мың теңгені қайтарып алды.

– Менің ісімді тез ашып бергені үшін оған көп рақмет. Оның жоғары біліктілігі, кәсібилігі, дұрыс іс-әрекеті мен табандылығының арқасында қылмыскер ең қысқа мерзімде табылды, – деп жазады Сергей.

2022 жылдың қазан айының басында Көкшетау тұрғыны Kolesa.kz платформасында тіркеліп, құны 16 млн теңге тұратын Hyundai автокөлігін Алматы қаласының аумағында сату туралы хабарландыру жариялаған. Алаяқтық схемаға сәйкес, әлеуетті клиенттер орташа нарықтық бағадан төмен бағаға қызығушылық танытып, көліктің “иесімен” байланысқа шыққан, ал соңғысы сатып алушыларға сатып алуға үміткер басқа клиенттер туралы жалған ақпарат беріп, оларды алдын ала төлемді аударуға асықтырған. Ақтөбе тұрғыны осындай кең таралған қулыққа тап болды.

Өткен жылдың 26 қазанында Сергей бұл хабарландыруға қызығушылық танытып, хабарландыру авторына хабарласып, шетелдік көлікті сату/сатып алу туралы мәліметтерді талқылады. Әрі қарай күдікті өзінің жеке басын растау үшін мессенджер арқылы мүлдем басқа адамның құжаттарын жіберген, осылайша өтініш берушінің сеніміне кірген. Автокөлік “иесінің” қылмыстық ниеті туралы ештеңеге күдіктенбеген, мәміленің заңдылығына толық сенген ер адам алдын ала төлем ретінде 500 мың теңге аударған. Көрсетілген соманы алғаннан кейін хабарландыру авторы байланысқа шығуды тоқтатты.

Көкшетау қаласының полиция басқармасына арыз келіп түскеннен кейін қылмыстық іс тергеуші Әйгерім Бостанбаеваға тапсырылды. Жәбірленушінің айғақтарын талдағаннан кейін тергеуші Екінші деңгейдегі банктерге санкцияланған сауалдар жолдап, шотына ақшалай қаражат түскен куәгерлерден жауап алды. Қабылданған шаралар қысқа мерзімде жалған хабарландырудың авторын анықтауға және оның алаяқтыққа қатысы бар екенін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

26 жастағы Көкшетау тұрғыны бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін 6 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған және ұрлық жасағаны үшін үш рет сотталған. Қазіргі уақытта қатысушының кінәсі толығымен дәлелденіп, іс сотқа жіберілді.

Полиция қызметкері Әйгерім Бостанбаева ішкі істер органдарында жақында ғана қызмет етеді, алайда оның өндірісінде кәсібилікті, білімді, табандылықты талап ететін қылмыстық істер бар. Дәлелді базаны жинап, тергеуші күдіктіні анықтап қана қоймай, жәбірленушіге ақшалай қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз етті.

– Полиция қатарында Әйгерім Өмірбекқызы сияқты үлгілі және жауапты полиция қызметкерлері көп болсын деп тілеймін, – деп жазады хатының соңында Сергей Жегужевский.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру