Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда учаскелік полицей ер адамды ауруханаға жедел жеткізді

Көкшетауда учаскелік полиция инспекторының жедел әрекетінің арқасында жағдайы күрт нашарлаған адамға уақытылы көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшысы Санжар Негметжановтың кәсіби әрі шұғыл әрекеті туралы ер адамның жұбайы баяндап, алғыс білдірді.

Әйелдің айтуынша, олар Щучинскіден Көкшетауға келе жатқан кезде күйеуінің денсаулығы кенеттен нашарлаған. Ер адам есінен танып, қозғалу мүмкіндігінен айырылғандықтан, шұғыл медициналық көмек қажет болған.

Қалаға кіреберісте әйел №3 учаскелік полиция пунктін және оның жанында тұрған қызметтік автокөлікті байқап, көмек сұраған.

Учаскелік полиция инспекторы Санжар Негметжанов жағдайдың күрделі екенін бірден түсініп, азаматты қызметтік көлікпен Ақмола облыстық ауруханасына жедел жеткізді. Медициналық мекемеде науқасқа қажетті көмек көрсетілді.

– Санжар Асқатұлына адамгершілігі, жауапкершілігі және қиын сәтте қол ұшын созуға дайын болғаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Сол күні әрбір минут маңызды еді. Оның жедел әрекетінің арқасында жұбайым уақытында ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем алды, – деді әйел.

Полиция қызметкерлері үшін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен төтенше жағдайларда көмек көрсету – қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Бұл оқиға тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен халыққа қызмет етуге әрдайым дайын екенінің тағы бір айқын көрінісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру