Көліктегі полиция департаментінде жылдың бірінші тоқсаны қорытындыланды
Көліктегі полиция департаментінде 2026 жылдың бірінші тоқсаны қорытындыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінде 2026 жылдың І тоқсанындағы жедел қызметтің қорытындылары бойынша кеңейтілген жедел кеңес өтті. Оған департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің жетекшілері, сондай-ақ аумақтық бөліністердің басшылары мен жеке құрамы онлайн форматта қатысты.

Кеңес барысында жұмыстың негізгі басым бағыттары қаралды. Атап айтқанда, әуе және теміржол көлігі нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Құрмет Мәжікенов өз сөзінде Ішкі істер министрінің "Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету, жазаның бұлтартпастығын сақтау және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік таныту жөніндегі тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту, профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын жандандыру, жедел ахуалды тұрақты бақылауда ұстау негізгі міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Есепті кезеңде департаменттің қызмет көрсету аумағында 353 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың ашылу деңгейі 86,6%-ды құрады. Бұдан бөлек, көлік полицейлері 25 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Жүйелі жүргізілген ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейінің төмендеуі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар – 28,6%-ға, ауыр қылмыстар – 12,3%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар – 13,1%-ға, онша ауыр емес қылмыстар – 13,3%-ға, ал бөтеннің мүлкін ұрлау деректері 26,2%-ға азайған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында 117 құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 13 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы күрес те жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта 9 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың барлығы ашылды.
Кеңес барысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Соның ішінде "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңды тиімді іске асыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Қорытындылай келе, Құрмет Мәжікенов орын алған кемшіліктерді атап өтіп, оларды жою үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ департаменттің барлық құрылымдық бөлімшелеріне көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
