Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көп қабатты үйдің тұрғындары өрттен құтқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді

Көп қабатты үйдің тұрғындары өрттен құтқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кубрин 22/1 көшесі бойындағы үйдің тұрғыны елордалық полицияға қоңырау шалып, Нұр-Сұлтан қаласы ПД Патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің атына алғыстарын білдірді. Бақыт Бауыржанқызының айтуынша шамамен сағат 04.00-де үйдің 4-кіреберісінен түтін шыға бастаған. Қою қара түтін баспалдақтың шабағын басқан. Ол уақытта барлық тұрғындар ұйықтап жатқан. Полиция қызметкерлері пәтерлердің есіктерін қағып, адамдарды шығара бастаған. 

Оқиғаны көзбен көрген тұрғын: "Бәрі дәл кинодағыдай көз алдымызда болды", - дейді.

- Полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекет етуі мені таң қалдырды. Түтінге тұншығып қалмас үшін барлық тұрғындарға өздерімен бірге орамалды сулап алуды ұсынды. Қайсарлық танытқандары үшін мен оларға өте ризамын, - деді Бақыт Бауыржанқызы.

Құтқару операциясы барысында олар 100-ден аса тұрғынды алып шыққан. Аяғы ауыр әйелдер мен балаларды өрт көтергіш құрылғымен эвакуациялаған.

Түтіннің сөнбей қалған темекі тұқылын тастаған баспалдақ шабағының астынан шыққаны анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру