Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Күш – бірлікте”: ІІМ арнайы жасағы Дубайда өткен турнирде қалай бақ сынасты

ІІМ-нің “Сұңқар” арнайы жасағының жауынгерлері Дубайда өткен THE UAE SWAT Challenge турнирінде бес күн бойы бақ сынасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ арнайы жасағы аталмыш турнирге осымен екінші рет қатысты. Биыл жауынгерлер әлемнің 41 елінен қатысқан 74 команданың ішінен 6-орынды қанжығаға байлады.

Жарыстың барлық кезеңі тартысты өтті. Арнайы бөлімшелердің қызметкерлері әртүрлі тактикалық тапсырмаларды орындады. Атап айтсақ, тактикалық дағдыларды, интеллектуалды шоғырлануды және физикалық төзімділікті тексеруге бағытталған шабуыл және құтқару операцияларын жүргізді.

Сынға толы додада Қазақстан жауынгерлерінің бірі ауыр жарақат алып қалды. Алайда бұл кедергіге қарамастан, арнайы жасақ қызметкерлері жарыс кезінде батылдық пен табандылықты, бірлік пен бауырмалдылықтың нағыз үлгісін көрсетті.

Арнайы жасақ алғашқы үш кезеңнен сәтті өтіп, жүлделі 1 және 3-орындарды иеленген болатын. Бірақ төртінші деңгей олар үшін оңай болмады. Жауынгерлердің бірі тапсырманы орындап жатқанда аяғынан жарақат алды. Алайда ол бұған қарамастан жарысты тоқтатпады. Оны әріптестері жарты жолда қалдырмай, межелі жерге дейін сүйеп алып келді. Сонымен, команда барлық кезеңді бірге өтіп, толық құрамда мәреге жетті. Соңғы кезеңде команда мүшесі ауыстырылды.

Жарақат алған жауынгер ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайы тұрақты, ешқандай қауіп жоқ.

– Мен аяғымды “Мұнара оқиғасы” жаттығуында сындырып алдым. Біз үшінші қабаттан екінші қабатқа түсіп, қоңырауды соғып, жерге түсуіміз керек еді. Ол жерге секірген кезде, тоқ соққандай сезімде болдым, көздерім қарауытып кетті. Бірақ менде тоқтау туралы ой болған жоқ. Не болса да, мәреге жетуім керек деп шештім. Жігіттер мен жерлестерім тоқтаусыз қолдау көрсетті. Оларға шексіз ризамын, – деп бөлісті жауынгер.

Сонымен қатар шетелдік әріптестермен байланысуда аудармашы ретінде ІІМ Интерпол қызметкерлері көмектесті.

Айта кетейік, THE UAE SWAT Challenge – күш құрылымдарының арнайы күштері арасында өткізілетін бейресми әлем чемпионаты. Оны “Арнайы жасақтар олимпиадасы” деп те атайды.

Бұл жарыстың басты міндеті – арнайы мақсаттағы отрядтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру