Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы тұрғындармен есептік кездесу өткізді

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы тұрғындармен есептік кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz .

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы жедел ахуал тұрақты деп бағаланды.

Кездесу аясында департамент бастығы Ақтау қаласының шағын аудандарын аралап, тұрғындармен, кондоминиумды басқару кооперативтері мен өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдерімен жүздесті. Сонымен қатар шараға қоғам белсенділері мен блогерлер қатысып, азаматтардың өзекті мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ халықтың полицияға деген сенімін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында департамент басшысы ұрлық, есірткі қылмыстары, жол-көлік оқиғалары және алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты жаңа қауіп-қатерлердің, әсіресе киберқылмыстың белең алып отырғаны атап өтілді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық деректері жиілеген.

Осыған байланысты киберқылмыстарға қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында арнайы бөлімшенің жұмысы жандандырылады. Сонымен қатар, банктермен, байланыс операторларымен және өзге де ұйымдармен бірлескен іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

— Біздің басты мақсатымыз – қауіпсіз қоғам қалыптастыру. Заң мен тәртіп үстемдік еткен жерде әділдік пен тұрақтылық, бейбіт өмір мен қауіпсіздік қамтамасыз етіледі, — деп атап өтті Сағындық Аяғанов.

Айта кету керек, осы форматтағы есептік кездесулер қала және аудан полиция бөлімдерінің басшылары тарапынан да жалғасын тапты. Кездесу барысында тұрғындар полиция қызметкерлерінің жұмысына оң баға беріп, алғыс білдірді. Әсіресе учаскелік полиция инспекторлары мен тергеушілердің кәсібилігі мен азаматтарға деген жанашырлығы жоғары бағаланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру