Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында мыңнан астам армениялық көлік тіркелді

Маңғыстау облысында 1089 армян көлігі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Қазақстан азаматтарының Армения Республикасында тіркелген және Қазақстанға 1 ақпанға дейін әкелінген жекелеген көлік құралдарын елге әкелуінің және пайдаланудың кейбір мәселелері туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеуге жатады.

Көлік құралын тіркеу кезінде кедендік төлемдерді, механикалық көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алымды және кәдеге жарату алымын төлеуді жүргізудің қажеті жоқ. Алайда, меншік иесі көлікті бастапқы тіркеу не оны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаған жағдайда, көлік құралының иесінде жоғарыда көрсетілген төлемдерді төлеу бойынша міндеттеме туындайды.

Тіркеу сәтінен бастап көлік құралы көлік құралдарына салық салу объектісі болып табылады, салық заңнамасына сәйкес көлік салығын төлеушілер меншік құқығында салық салу объектілеріне ие жеке тұлғалар болып табылады, бұл ретте салық салу объектілеріне ҚР-да тіркелген және (немесе) есепте тұрған автокөлік құралдары жатады.

– Бүгінгі таңда 1089 автокөліктің иелеріне сары нөмір берілді. Өңірге облыс тұрғындарына тіркелген барлығы 3950 автокөлік әкелінді. Оның ішінде 12 және одан да аз VIN-код белгісі бар 915 автокөлік тіркеуге жатпайды, – деп атап өтті полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.

Маңғыстау облысында полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстанға әкелу және Қазақстан азаматтарының пайдалануы, сондай-ақ осындай көлік құралдарын тіркеу тәртібі туралы ақпарат жазылған жадынамалар таратты.

Полицейлер көліктерді 1 қыркүйекке дейін тіркеу қажет екенін еске салады. Тіркеуге басқару органдары сол жақты орналасқан автомобильдер ғана жатады.

Үш төлеммен шектелуге шешім қабылданды: тіркеу үшін алым – 695 теңге, техпаспорт үшін баж – 3 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж – 7 778 теңге. Төлемнің жалпы сомасы 11 946 теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру