Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары күшейтілді

Маңғыстау облысы полиция департаменті жанынан құрылған есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі профилактикалық кеңестің мүшелері қатысуымен жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңес отырысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, кеңес төрағасы  Ильяс Жұмағұловтың төрағалығымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында ағымдағы жылдың 4 айында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында атқарылған профилактикалық жұмыстардың қорытындылары шығарылып, жүргізілген іс-шаралардың тиімділігі талқыланды.

Есепті кезеңде заңсыз айналымнан шамамен 48 келі есірткі заты тәркіленді.

Сонымен қатар Ақтау қаласының қоғамдық орындарында 53 рейдтік іс-шара өткізіліп, есірткі жарнамасына қатысты 145 граффити жазуы анықталып, жойылды. Сондай-ақ есірткі заттары мен олардың аналогтарын жарнамалаған және сату туралы ақпарат таратқан 630 интернет-ресурс бұғатталды.

Бұдан бөлек, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өтетін есірткіге қарсы айлыққа дайындық мәселелері қаралып, алдағы іс-шаралар жоспары бекітілді. Негізгі назар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарына және ауқымды профилактикалық акцияларды ұйымдастыруға аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру