Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысының үздік тергеушісі анықталды

Ақтау қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі Ануар Сүлейменов “Маңғыстау облысының ең үздік тергеушісі” атағын иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ануар Сүлейменов 1989 жылы Түркменстан Республикасында дүниеге келген. Кішкентай кезінде “генерал боламын” деп армандаған бала Ануарға ер жетіп мамандық таңдаған кезде ата-анасы қарсылық танытпай, баласының шешімін қолдаған.

Осылайша, Ануар 2017 жылы ішкі істер органдарына қызметке қабылданған. Бүгінде ол Ақтау қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымында қызмет атқарады.

Оны бала арманы абыройлы қызмет атқаруға жетеледі. Тергеуші қылмыстық істі жіті қадағалап, дәлелдемелер жинап, сотқа жіберетін басты тұлға. Тергеушінің кәсіби шеберлігі қылмыстық істі тергеуде өте маңызды рөл атқарады.

Ануар қызмет атқару барысында ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 100-ге жуық қылмыстық істі сотқа дейін жеткізген. Оның бұл салаға келгеніне ұзақ уақыт болмаса да, ол осы аралықта жұмыстың мән-жайын, анық-қанығын білетін білікті және тәжірибелі маман ретінде танылды. Жас маман бола тұра, қасындағы әріптестерінің арасында ерекше көзге түскен Ануардың еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалмай, бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған.

– Мектепті тәмамдаған соң алда мамандық таңдау мәселесі тұрды. Арманымды жүзеге асыру жолында мен “Құқық” мамандығын таңдадым. Полиция формасын киюді бала күнімнен армандап, осы тақырыптағы көптеген ресейлік фильмдерге қызығушылық танытатынмын. Отбасымда ешкім ішкі істер органдарында жұмыс істеген жоқ. Оқушы кезімнен өзімді осы бағытқа баулып, іштей дайындалып жүрдім. Жалпы, бұл салаға қызығушылығымның арқасында келдім десем де болады. Қазір бұл таңдауыма еш өкінбеймін, – дейді ол.

Ануар бүгінгі жетістіктерінің барлығы жақындарының қолдауының арқасында деп біледі. Ол ата-ана, тума-туыстарынан бөлек, бұл салаға келгеніне жарының да қолдауын ерекше атап өтті. Бүгінде үш баланың асқар тауы, бақытты отбасының қамқоршысы болып отырған Ануар бос уақыты бола қалса, оны отбасымен өткізуге, балаларына көңіл бөлуге арнайды.

– Тергеуші болғаныма үш жыл болыпты. Қызмет атқару барысында түрлі қылмыстарды тергеймін. ҚР ҚК-нің 99, 120, 188, 190, 293-баптарымен және т.б. бірнеше қылмыстық істерді тергедім. Тергеушілік қызметтің өзіндік қиындығы бар, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, шыңдалудамын. Тергеу жүргізу барысында түнімен жұмыста қалатын кездер де болып тұрады. Әрине, әр жұмыстың өз ауыртпалығы болады. Біздің қызметіміз жауаптылықты, ақиқаттың ақ-қарасын тыңғылықты зерттеуді талап етеді. Сол себепті әрдайым алға ұмтылып, басшылық берген тапсырманы тыңғылықты орындауға тырысамыз,- деп атап өтті Ануар.

Қазіргі таңда білікті мамандар қатарында аты аталатын тергеуші мұндай дәрежеге өзім жеттім деуден аулақ. Оның айтуынша, қызметке орналасқан алғашқы жылдары оған тәжірибелі тергеушілердің көп көмегі тиген. Ал бүгінде ол өзінен кейінгі жас мамандарға жол көрсетіп, өз тәжірибесімен әрдайым бөлісіп отырады.

Ануардың басты ұстанымы – ар алдындағы адалдық. Өзіне қойылған талаптарды еңсеріп, сенімді ақтаған кейіпкеріміздің алар асулары әлі алда. Қылмыстың ақ пен қарасын ажыратып, астарлы ақиқатқа үңілу тергеушілерден асқан біліктілікті талап етеді. Ендеше ол бұл жағынан олқылыққа жол бермейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру