Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда бейнебақылау камераларының көмегімен 10 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Маңғыстау облысында бейнебақылау камераларының көмегімен 10 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол және қоғамдық қауіпсіздік, көшедегі қылмыстарды ашу – бүгінгі күні техникалық құралдарды пайдаланбай құқықтық тәртіпті сақтау мүмкін емес. Маңғыстау облысында тәулік бойы Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 936 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, олардың 694-і облыс орталығында орнатылған.

“102” жедел арнасына хабарламалар мен қоңыраулар қабылдап, камералар бойынша көшелер мен қоғамдық орындардағы жағдайға мониторинг жүргізіп, полиция патрульдерінің күштері мен құралдарын үйлестіріп отырған орталықта тәулік бойы тәжірибелі полицейлердің кезекші ауысымы қызмет атқарады. Үш ай ішінде “102” пультіне 60 мыңнан астам қоңырау түсті. Тек құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алудың ғана емес, сонымен қатар қылмыстарды ашудың тиімді тетігі бейнебақылау жүйесі.

Жыл басынан бері облыс орталығында камералардың көмегімен 6 659 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 3 643 жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішудің 500-ден астам фактісі. Осы кезең аралығында камералардың көмегімен 52 қылмыс дерегі ашылды: оның ішінде 9 ұрлық және 10 бұзақылық фактілері. Жалпы, облыс бойынша камералардың көмегімен 10 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 63 қылмыс ашылды.

Бүгінгі күні Ақтау қаласының Жедел басқару орталығына 23 хабарлама келіп түсті, оның ішінде – біреуі бейнебайланыс арқылы, қалғандары – мәтіндік. Полицейлердің құқық бұзушылықтар туралы мәтіндік хабарламалар мен фото-бейне материалдарды омниканалдық байланыс қағидаты бойынша қабылдауы “102” мобильді қосымшасы (ҚР ІІМ AppStore немесе Google Play-ден жүктеуге болатын ресми қосымшасы) арқылы жүзеге асырылады.

Маңғыстау облысы Полиция департаменті азаматтарды қылмыстың құрбаны немесе куәгері болған болса, дереу полицияға жүгінуге шақырады. Жәбірленушінің уақтылы жүгінуі көбінесе қылмыстарды ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру