Маңғыстауда патрульдік полиция қызметкері жүргізушіге дер кезінде көмек көрсетті
Маңғыстауда патрульдік полиция қызметкері жүргізушіге дер кезінде көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау – Жетібай автожолының 17-бекеті (17-пост) маңында ер адамның денсаулығы күрт нашарлап, патрульдік полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.
Азаматтың айтуынша, жолда келе жатқан кезде бүйрек ауруы ұстап, қатты ауырғандықтан көлік құралын басқаруға мүмкіндігі болмаған.
Жағдайдың шұғыл екенін ескерген патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Есбол Бектұрлы азаматқа жедел көмек көрсетіп, оны қызметтік автокөлікпен Мұнайлы аудандық ауруханасына жеткізді. Онда азамат медицина қызметкерлеріне тапсырылып, қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдайларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларға дер кезінде көмек көрсету қызметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
