Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мереке қарсаңында үздік ақмолалық полицейлер марапатталды

Мереке қарсаңында үздік ақмолалық полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 желтоқсанда Ақмола облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мемлекеттік әнұран орындалғаннан кейін құқық тәртібін қамтамасыз етуге және қызметкерлердің жас буынын тәрбиелеуге ерекше үлес қосқан полиция қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті.

– Бұл тарихи маңызы бар дәуірлік оқиға және бәріміз үшін басты мереке. 30 жыл ішінде біздің республикамыз күрделі жолдан өтті. Қазақстан Республикасы құқықтық, демократиялық мемлекет деп танылды. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қоғамдық тұрақтылықтың маңызды шарты болып табылады. Өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, табысты, дамушы мемлекет құру мүмкін емес. Бұл маңызды міндет тарихи түрде полицияға жүктелген. Азаматтардың конституциялық құқықтарын, құқықтық тәртіпті және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету – бүгінгі күні өзгеріссіз қалған басымдықтар, – деді Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ризахмет Жанбеков.

ПД бастығының бірінші орынбасары полиция қызметкерлеріне жоғары наградалар тапсырды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл” медалімен Полиция департаментінің 18 қызметкері марапатталды.

Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың бұйрығымен ІІМ Құрмет грамоталарымен ПД 5 қызметкері, оның ішінде ішкі істер органдары және Ұлттық гвардия ардагерлер кеңесінің төрағасы Д. Нұрғалиев, “Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері” омырау белгісімен ПД бастығының орынбасары Е.Қасым марапатталды, Қорғалжын ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасарына полиция подполковнигі атағы мерзімінен бұрын берілді, төрт тәртіп сақшысы “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медаліне ие болды, үш полицей екінші дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” омырау белгісімен марапатталды, екі полицейге атқарып отырған штаттық лауазымдары бойынша көзделгеннен бір саты жоғары басшы құрамның арнаулы атағы берілді, екі полицейге ІІМ алғыс хаттары табыс етілді. Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ақмола облысы Полиция департаментінің 52 қызметкері марапатталды.

Осы айтулы күні ПД бастығы А. Баймурзинның бұйрығымен ішкі істер органдарының 6 ардагері және қызмет атқарып жүрген 7 қызметкер алғыс хаттармен марапатталды, 6 полиция қызметкері жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін грамоталар алды. Полиция ведомствосының басшысы ішкі істер органдарының 81 ардагері мен 213 қызметкерін марапаттады.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Б. Ералин өз сөзінде ішкі істер органдары ардагерлерінің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті.

– Сіздер еліміздің қалыптасуына баға жетпес үлес қостыңыздар, біздің жас мемлекетіміз тап болған барлық қиындықтар дәл сіздердің еңбектеріңіздің арқасында біз бүгін наградалар алып, қызмет атқара аламыз, – деді ол.

Биыл департаменттің 8 қызметкері Президент Жарлығымен адамдардың өмірін сақтап қалғаны үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

Іс-шараға қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жесірлері шақырылды. Соңында Полиция департаментінің вокалдық тобы дайындаған мерекелік концерт өтті. Өз Отанына деген мақтаныш пен махаббатқа толы тамаша әндер бұл күні мәжіліс залының сахнасынан шырқалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру