Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мінезі қайсар Анар

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы жарияламақ.

Қазақстан полициясының қатарында қызмет атқарып жүрген қыздар аз емес.
Әйел затының жаны нәзік, табиғаты сұлулық пен көркемдіктен тұрғанымен тұла бойына қайсарлық пен батылдық қасиеттерін ұштастыра білетін әйел адамдардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Тарихымыздан белгілі небір батыр қыздарымыз жауды жағасынан алып, намысты қолдан бермеу үшін небір батыл қадамдар жасаған. Сондай батыр да, батыл қыздарымыздың бүгінгі бейбіт заманда бар екенін мойындауымыз керек. Ерлермен қатар иық тіресіп, нақты шешімдер қабылдап, қызмет мүддесін жеке басының мүддесінен әлдеқайда жоғары қоятын офицер қыздарымыз да баршылық.

Бүгінгі әңгімеміз осындай ер мінезді, табандылықты ту еткен қыздарымыздың бірі Қарағанды қаласының Полиция басқармасы Оңтүстік- шығыс полиция бөлімінің кезекші бөлімінің бастығы полиция майоры Анар Сәдуақасоваға арналады.

“Бала арманы бұлыңғыр” демекші, бала кезімде қиылшыл, арманшыл болатынмын дейді Анар Абзалқызы.

– Ер жетіп, бойжеткен шағымда, ол шамамен үшінші курс оқып жүрген кезімде полицей болуды армандай бастадым. Шыны керек, осы уақыттан бері болашағымды бағдарлай бастадым. Полицейдің жүріс-тұрысы, киген киімі маған сондай ұнайтын. Даладан полиция қызметкерін көргенде өзімнің болашағымды көргендей болатынмын, – дейді кейіпкер.

Сөйтіп, қиялындағы полицейді шындыққа айналдыру үшін Анар Абзалқызы көп ойланбастан Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заңгер мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түседі. 

Ішкі істер органдарындағы қызметін Михайлов полиция бөлімінің ақпараттық-аналитикалық тобының технигі лауазымынан бастайды. Ақпараттық базалар жүйесін жетік меңгеріп алып, сол жерде инженер, содан кейін аға инженер болып бірте-бірте жоғарылай бастайды. 2010 жылдың сәуір айынан бастап 2019 жылдың тамыз айына дейін Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің кезекші бөлімінің инспектор-кезекшісі болып қызмет атқарады. Осы уақыттарда өзін жинақы, тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындайтынын көрген басшылық кезекші бөлімнің бастығы лауазымын ұсынады. 2019 жылдың тамыз айынан бастап осы күнге дейін кезекші бөлімнің бастығы лауазымында қызмет атқаруда.
Полиция майоры Анар Абзалқызының қызметтік міндеттері кезекші бөлімнің жұмысын тиімді ұйымдастыру, қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын бақылау, қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы келіп түскен хабарламалар мен арыздардың уақытылы тіркелуін қадағалау болса, сонымен қоса кезекшілікке түсіп жатқан тергеу жедел тобының қызметкерлеріне нұсқаулық жүргізу, қызмет көрсететін аумақтық криминогендік жағдайына талдау жасау сияқты міндеттер жүктелген.
Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің кезекші бөлімінде төрт жедел кезекші, төрт инспектор-кезекшісі, төрт кезекші көмекшісі қызмет атқарады. Осы 12 қызметкерден басқа күн сайын тергеу жедел тобына кезекшілікке түсетін 12 қызметкердің жұмысын бақылау да оның мойнына артылған жауапты іс. Қаншалықты жаны нәзік болса да, қызметте қайсарлық пен табандылықты қолдан бермейтін Анар Абзалқызын әріптестері “мінезі қайсар Анар” деп атайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру