Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нұр-Сұлтан қаласында да карантин режимін бұзушылар саны азаймай тұр

Елордалық полицейлер демалыс күндері карантиндік режимді бұзудың 34 фактісін анықтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала тұрғындары карантиндік режимнің шектеу шараларын елемей, қолданыстағы тыйымға қарамастан, ойын-сауық мекемелеріне баруды жалғастыруда.

Мобильді топтың құрамындағы тәртіп сақшылары күн сайын күшейтілген рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында карантин тәртібін бұзған бірнеше мейрамханаларды анықтаған.

Осылайша, кеше кеште полицейлер “Гаухартас” мейрамханасының банкет залында үйлену тойға арналған мерекелік дастарханның басында 150 қонақтың отырғанын анықтаған.
Сондай-ақ, “Rixos President Astana” қонақ үйін тексеру барысында 100-ден артық қонақ болған. Олар үйлену тойға келген.

Сонымен қатар, карантиндік режимге қарамастан, “Алуа” мейрамханасында өтіп жатқан қыз ұзату тойына келген 100-ге жуық қонақ болған.

Азаматтар салынған тыйымды елемей, адамдардың денсаулығына қауіп төндіре отырып, той өткізумен қатар, көптеген адам шақырып ас беруді де жалғастыруда. Осылайша, тәртіп сақшылары “Төлеп” мейрамханасында еске алу үшін жайылған дастарханда әлеуметтік арақашықтықты сақтамай отырған 50 адамды анықтаған.
Барлық бұзушылық фактілері бойынша жиналған материал Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Демалыс күндері мобильдік топ барлығы 623 кәсіпкерлік объектісін тексеріп, карантиндік режимді бұзудың 34 фактісін анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті карантин кезінде қызмет көрсетуге тыйым салынған ойын-сауық мекемелерге барған кезде адамдар өздерінің денсаулығына ғана емес, сонымен бірге, жақындарының денсаулығына да қауіп төндіретінін ескертеді.

Полицейлер азаматтарға карантиндік шараларды бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатындарын ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру