Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нұр-Сұлтанда ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай елордалық полиция басшысы ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Жас полиция қызметкерлері Ұлт Көшбасшысы туралы жазылған кітаптармен қызыға танысты.

Елордалық департаменттің бастығы Ержан Саденов ардагерлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

“Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – шын мәнінде жалпыхалықтық мейрамға айналған мемлекеттік мереке. Біз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті нығайтып, еліміздің кемел келешегі жолындағы ерен еңбегіне ерекше құрметімізді білдіреміз”, – деп атап өтті Ержан Саденов.

Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Дәстүр бойынша полицейлерге ҚР Ішкі істер министрінің атынан медальдар, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.

“Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен “Сарыарқа” ауданы Полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Серік Кеңесов пен Жомарт Сәрсімбаев марапатталды. Ағымдағы жылы қазан айының соңында тәртіп сақшылары 5-ші қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған баланы құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Төрт жасар қыз терезенің алдында тұрып анасын шақырған. Уақыт жоғалтпай, учаскелік полиция инспекторы Серік Кеңесов жедел түрде 5-қабатқа көтеріліп, есікті қатты ұра бастаған, ал оның серіктесі Жомарт Сәрсімбаев жағдайды төменнен бақылап тұрған. Сыртқы есіктің қағылып жатқанын естіген қыз терезеден түсіп, есікке қарай жүгіріп келген. Жабық есік арқылы полиция қызметкері баламен сөйлесіп, тіпті, тапқырлық танытып ойын ойнай бастаған. Кішкентай қыз есіктің қанша рет қағылғанын тапса, полиция инспекторы оған сонша тәттілер алып беремін деп келіседі. Осы уақытта құтқарушылар келіп, пәтерге шатыр арқылы кірген.

Сондай-ақ, Қайрат Нариманов бағалы сыйлыққа ие болды. Тәртіп сақшысы 12-қабаттың балконынан баласымен бірге секірмек болған әйелді құтқарды.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен Криминалдық полиция басқармасы жедел-іздестіру бөлімінің кіші жедел уәкілі Сағынғали Бөлешов, конвой қызметі взводының полицейі Жанболат Баянов грамотамен марапатталды. Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Рүстем Әукенов алғыс хатқа ие болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру