Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өмірге қайта келгендеймін – ота жасатқан сотталған

Ақмола колониясында жазасын өтеп жатқан сотталғанның жүрегіне ота жасалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жүрек ауруы Бауыржанды бұрыннан мазалаған. Ол меншікке қарсы ауыр дәрежедегі қылмыс жасағаны үшін темір торға қамалған. Бүгінде ол жазаның басым бөлігін өтеді. Қалған мерзімі – 3 жылдай.

Сотталғанның айтуынша, оны бостандықта ешкім күтіп отырған жоқ, екі ұлымен мүлдем араласпайды, бірақ бостандыққа шығып, жаңа өмір бастағысы келеді.

Бауыржан қамауға алынған кезде ғана кеудеде ауырсынуды сезіне бастаған. Ол дәрігер-кардиологқа бару туралы өтініш білдірді. Тексеруден өткеннен кейін дәрігер оны жоспарлы отаға жіберді.

Колонияның медицина қызметкерлері науқасты ауруханаға жатқызу бюросының порталына тіркеді. Ота сәтті өтті. Бауыржан бірнеше күннен кейін ауруханадан шығарылды.

– Білесіз бе, бұл отаны мен бостандықта жасамас едім. Мән берген емеспін, бір жерде жүріп, құлап, өліп қалар едім. Түрме қызметкерлеріне, дәрігерлерге алғысым шексіз. Жүрегім жаңа сияқты, отадан кейін өмірге қайта келгендеймін, – деп бөлісті сотталған.

Бүгінде Бауыржан жұмыс істейді, ол сотталғандарға нан пісіреді. Қазір оның жоспары – ұзақ өмір сүріп, балаларымен жақсы қарым-қатынас орнату.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру