Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жанып жатқан пәтерден құтқарушылар ер адамды алып шықты

Алматыда мотоцикл экипажының өрт сөндірушілері Әуезов ауданында өртеніп жатқан пәтерден ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 маусым күні 11 сағат 05 минутта “101” пультіне Әуезов ауданы 6 ықшам аудандағы 4 қабатты тұрғын үйдің 2-қабаты өртеніп жатқандығы туралы куәгерден хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына жедел әрекет ететін мотоциклді экипаж жіберілді. Өрт сөндірушілер келгенде үйдің оңтүстік жағында терезенің жақтауынан пәтердің ашық жалынмен жанып жатқаны және тұрғын үйдің кіреберісінен қою түтін байқалды. Жағдайды бағалағаннан кейін аға өрт сөндіруші Әлібек
Джуматаев пен оның серігі Мұхтаров Еламан жанып жатқан үй-жайға кіріп, дәлізде табалдырықтан улы жаңғыш зат иісінен, есінен танып қалған 1963 жылы туған ер адамды
анықтады.

Мотоцикл экипажының өрт сөндірушілері зардап шегушіні таза ауаға шығарып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды. Ас үйдегі жанған жиһаздар ГИРС-400 импульстік өрт сөндіргіштерімен сөндірілді. Төрт шаршы метр аумақты шарпыған көк жалынның үй-жайдағы басқа бөлмелерге және жоғары қабаттарға жайылуына жол берілмей 10 минуттың ішінде ауыздықталды.

Ең бастысы – адам өмірі сақталды. Өртті сөндіруге Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 13 адам және төрт бірлік техника жұмылдырылды.

Еске сала кетейік, мотоцикл экипажының пилоттық жобасы Алматы өрт сөндіру қызметінің гарнизонында алғаш рет Алматы қаласы әкімінің қаржылық қолдауымен енгізілді. Өрт
сөндіру мотоциклі өртті бастапқы сөндіруге, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге барлық қажетті құралдармен жабдықталған.
2017 жылдан бастап пайдалану кезеңінде өрт сөндіруге 100-ден астам шығу болды, оқиға орнынан үш адам құтқарылды.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру