Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде түзеу мекемесіне электронды дүкен орнатылды

Өскеменде түзеу мекемесіне электронды дүкен орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Технологияның қарыштап дамығаны бұл. Жуықта электронды дүкен Өскемендегі ОВ-156/1 түзеу мекемесіне орнатылды. Енді айыпталушылардың немесе сотталушылардың алыста тұратын туыстары мұнда келіп, әуре болмайды.

Түзеу мекемесіне жаңадан орнатылған электронды дүкен арқылы сотталған немесе айыпталған азаматтар өздері таңдаған азық-түліктерін, керек-жарақтарын тапсырыс беріп алғыза алады. Әрине, тізімде рұқсат етілген заттар ғана бар.

– Олар туыстарының нөмірін тіркеп, дүкенмен есеп айырыса береді. Үш нөмірге дейін тіркеуге болады. Қажеттің тауарларын таңдаған соң өз ЖСН-ын енгізіп, құпия сөздерін жазады. Әр заттың бұрышында бағасы, салмағы көрсетіліп тұр. 20 келіге дейін тапсырыс беруге рұқсат, – дейді тәртіп және күзет бөлімінің бастығы Ерболат Самарқанов.

Электронды дүкен уақытша ұстау изоляторына қойыла сала үш адам тапсырыс беріп, керегін алды. Айта кетсек, тапсырыс төрт күн ішінде келді екен. Келген заттарды бақылаушылар тексеріп барып, ішке өткізеді.

– Туған-туыстар алыстан такси алып, мұнда келгенше, осы жерден өзім-ақ керегімді ала беремін. Өте ыңғайлы, –  дейді айыпталушы К.Минин.

Айтқандай, мұндай электронды дүкендер басқа да түзеу мекемелеріне орнатылып жатқан көрінеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру