Павлодар облысында полицейлер оқушылармен кездесті
Павлодар облысында полицейлер оқушылармен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz
“ТУРА ЖОЛ” жобасы аясында жастар бастамаларын дамыту орталығында №9 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушыларымен құқықтық сауаттылық, тәуелділіктің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық мәселелеріне арналған түсіндіру кездесуі өтті.
Түсіндіру жұмысын Павлодар облысы ПД ЕҚҚБ аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева жүргізді. Ашық диалог форматында оқушылармен күнделікті өмірде де, интернет кеңістігінде де жасөспірімдер тап болуы мүмкін қауіптер талқыланды.
Кәмелетке толмағандарды тыйым салынған заттарды таратуға және қолдануға байланысты құқыққа қайшы әрекеттерге тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жасөспірімдерге құқық бұзушылардың олардың сеніміне, қызығушылығына немесе тез ақша табуға деген ұмтылысына пайдаланып, күмәнді жұмыс ұсынып, заңсыз әрекеттерге тартуы мүмкін екені түсіндірілді.
Сонымен қатар есірткі заттарын қолданудың құқықтық және медициналық салдары жеке қарастырылды. Мектеп оқушыларына ойланбай жасалған әрекеттің тек денсаулыққа ғана емес, адамның болашақ өмірі мен оқуына да елеулі зардап келтіруі мүмкін екені ескертілді.
Алынған ақпаратты көрнекі түрде бекіту мақсатында қатысушыларға есірткіге қарсы бағыттағы тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Бейнероликтен кейін оқушылар өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
