Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция "ЭкоӘлем" балалар лагерінің қауіпсіздігін тексерді

Павлодар облысында полиция "ЭкоӘлем" балалар лагерінің қауіпсіздігін тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыс маусымы қарсаңында балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынуда. Осы мақсатта Ақсу қаласының ювеналды полиция қызметкерлері бір ауысымда 300-ден астам баланы қабылдайтын "ЭкоӘлем" балалар сауықтыру лагерінде тексеру жұмыстарын жүргізді.

Инспекторлардың негізгі міндеті – оқушылардың демалысын тек қызықты ғана емес, сонымен қатар толықтай қауіпсіз ету.

Тексеру барысында полицейлер жеке күзет қызметінің жұмысын, қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығын, бейнебақылау камераларының жарамдылығын және бейнежазбалардың сақталу жүйесін, сондай-ақ ұйықтайтын корпустар, асхана, ойын алаңдары мен аумақтың қоршауларының қауіпсіздігін тексерді. Бұдан бөлек, лагерь аумағындағы құдықтар мен өзге де ықтимал қауіпті нысандарға ерекше назар аударылды.

- Біз лагерьдің әрбір бөлігін – асханадан бастап қоршаулар мен құдықтардың жағдайына дейін мұқият тексердік. Басты мақсатымыз – кәмелетке толмағандардың демалысы кезінде олардың өмірі мен денсаулығына төнетін кез келген қауіптің алдын алу, – деді Ақсу қаласы ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Айнагүл Ахметова.

Тексеру қорытындысы бойынша лагерь басшылығына қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде нақты ұсынымдар берілді. Балалардың қауіпсіз демалысы мен ата-аналардың алаңсыз көңілі – басты басымдық ретінде айқындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру