Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында жас жол инспекторларының слеті өтті

Павлодар облысы Ертіс ауданында жас жол инспекторларының слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс ауданында жас жол инспекторларының слеті өтіп, оқушылар арасында жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты — оқушылардың білімін тексерумен шектелмей, оны өмірде тиімді қолдана білу дағдыларын қалыптастыру.

Үздік атану үшін 8 команда бақ сынады. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, теориялық тапсырмалармен қатар тәжірибелік кезеңдерден де сенімді өтті.

Слет бағдарламасы мазмұнды әрі жан-жақты болды. Жас инспекторлар үгітбригадалар байқауында жол қозғалысы ережелерін сақтауға шығармашылық тұрғыда үндеу жасады. Велосипедті мәнерлеп жүргізу кезеңінде басқару шеберліктерін паш етсе, "Жас реттеуші" байқауында қимылдарының дәлдігін көрсетті. Сонымен қатар эрудиттер турнирінде білімдерін саралап, "Жас санитар" кезеңінде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын дәлелдеді.

"Жол қауіпсіздігінің үздік насихатшысы" номинациясы ерекше қызығушылық тудырды. Бұл кезеңде қатысушылар өз құрдастарына ықпал етіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қабілеттерін айқындады.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

1 орын — №4 орта мектеп;

2 орын — Майқоныр орта мектебі;

3 орын — Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп.

Барлық қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Семейхан Нұрғалиевтің айтуынша:

— Жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру бала кезден басталады. Бүгін оқушылар өз білімдерін іс жүзінде қолдана алатынын көрсетті. Мұндай іс-шаралар ережені өмір салтына айналдыратын тәртіпті ұрпақты тәрбиелейді, - дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру