Павлодар облысында жол қозғалысы жас инспекторларының слеті өтті
Павлодар облысында жол қозғалысы жас инспекторларының слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ауданында "Қауіпсіз жол" және "Жасөспірім" республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында жол қозғалысы жас инспекторлары слетінің аудандық іріктеу кезеңі өткізілді.
Шараның басты мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы қауіпсіздік мәдениетін арттыру арқылы жасөспірімдердің жарақаттануына жол бермеу.
– Бұл іс-шара жасөспірімдер арасында жол жүру ережелерін кеңінен насихаттауға және қозғалыс жас инспекторларының қызметін жетілдіруге бағытталған, – деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Семейхан Нұрғалиев.
Жарысқа аудан мектептерінің оқушылары қатысып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін "Үздік реттеуші", "Үздік санитарлар командасы", велосипед жүргізу және басқа да жарыс түрлері бойынша бақ сынады.
Әр қойылым мен тапсырма жас инспекторлардың теориялық білімінің тереңдігін ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыстың практикалық дағдыларын меңгергендігін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша №2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің командасы үздік атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Слет соңында полиция қызметкерлері барлық қатысушы жас инспекторларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстап, олардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі белсенділігі мен үлгілі тәртібіне ризашылық білдірді.