Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда мас күйде көлік айдаған жүргізуші қамауға алынды

Павлодарда мас күйде көлік айдаған жүргізуші қамауға алынды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Шарбақты ауданында патрульдеу кезінде жүргізуші полицейлердің заңды талаптарын елемей, олардың назарын өзіне аудартты. Полицейлердің күдігі медициналық куәландыру қорытындысымен расталды. 33 жастағы жүргізуші мас күйінде болған.

– Көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ адам бола тұра, Шарбақты ауылында, орман алқабында ВАЗ-21063 автокөлігін басқарған. Әңгімелесу барысында Шарбақты аудандық сотының 2017 жылғы қаулысымен ер адам үш жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Көлік құралдарын басқару құқығынан айыру мерзімі өткеннен кейін ер адам жүргізуші куәлігін алу үшін жүгінбеді, – деді Павлодар облысы Шарбақты ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ардақ Ешмағамбетов.

Полиция жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) және 613-бабы 3-1-бөлігі (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) бойынша екі әкімшілік материал жасалғанын нақтылады. Соттың шешімі бойынша оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру