Павлодарда мас күйде көлік басқарудың 10 фактісі анықталды
Павлодарда мас күйде көлік басқарудың 10 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері 170 679 азамат әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Оның ішінде 112 529 жол ережесін бұзу фактісі болды.
Айта кету керек, жол қозғалысы ережелерін бұзудың негізгі бөлігі жүргізушілердің белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кету фактілері – 42 800-ден астам, әрқайсысы ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабына сәйкес жазаланды. Көлік құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік белдіктерін тақпаған 8323 жүргізуші анықталды, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 2-бөлігіне сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
7902 жаяу жүргінші ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жолдың жүріс бөлігінің белгіленбеген жерден өткені үшін жауапкершілікке тартылды, әрқайсысына 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Тек бір тәулік ішінде Павлодар қаласында мас күйінде көлік құралдарын басқарудың 10 фактісі анықталды.
Мәселен, Павлодар қаласында 18 желтоқсанда Малайсары батыр көшесінде патрульдеу кезінде 44 жастағы жүргізушінің басқаруымен Toyota RAV4 автокөлігі тоқтатылды, оның жүргізілуі полицейлердің күдігін тудырды. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізуші есірткіге мас болған.
Басқа жағдайда, 17 желтоқсанда сағат 10.40-та инспекторлар патрульдеу кезінде Toyota автокөлігін тоқтатты, оның 30 жастағы жүргізушісі медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес мас күйінде көлік жүргізді. Автокөліктер айып тұрағына қойылды.
– Аталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Сот шешімімен әрбір жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонның командиры Айдар Сламбеков.
Бұзушылықтар туралы тұрғындар фото және видео материалдарды жібере отырып хабарлайды.
Мәселен, 19 желтоқсанда сағат 12.25-те Набережная көшесі 5 үй ауласында Нива жүргізушісі тротуарда тоқтап, Жол қозғалысы ережесінің 12.4.9-тармағын бұзды. Жол қозғалысы ережелерін бұзған фото Павлодар облысы ПД-ға жолданды.
Осы құқық бұзушылықты жасағаны үшін жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.