Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда қызметтік ит жоғалған баланы тапты

Павлодарда қызметтік ит жоғалған баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

24 қыркүйек сағат 17.31-де Павлодар қаласының “102” операторының пультіне Бөкейхан көшесіндегі 265 үйдің ауласында жүрген сөйлемейтін 4 жасар немересінің жоғалғаны туралы қоңырау түсті. 

Аталған мекенжайға дереу полиция қызметкерлері, сондай-ақ инспектор-кинолог Талғат Әубәкіров өзінің Ника атты қызметтік-іздестіру итімен жіберілді.

– Бұл факті бойынша жеке құрам, барлық автопатрульдер мен жаяу нарядтар бағдарланды. Сонымен қатар көшедегі бейнебақылау камералары қаралды. Қызметтік итке із алу үшін баланың заттары берілді. Бірнеше минуттан кейін із алған Ника қызметкерлерді 1-ші қайық бекетіне алып келді, жоғалған қыз сол жердегі қайықтардың бірінен табылып, анасына тапсырылды, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қыздың өзі қайыққа тығылып, ойнап отырғаны белгілі болды.

Анасының айтуынша, демалыс күндері болған соң немерелерін ата-әжесіне қонаққа әкелген. Төртеуі де үйдің ауласында ойнап жүрген. Сағат 16.45 шамасында әжесі немерелерін үйге шақырғанда 4 жасар немересінен басқаларының бәрі келген. Шамамен 40 минут ішінде туыстары қызды іздеп, таба алмаған соң полицияға жүгінді.

Айта кету керек, Ника қызметтік-іздестіру иті полицияда 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оның есебінде ондаған табылған адам бар. Сондай-ақ, Ника бірнеше рет ұрлық, тонау мен кісі өлтіруді ашуға көмектесті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру