Павлодарда түнгі уақытта көшеде ән айтқан жігіт жауапқа тартылды
Павлодарда түнгі уақытта көшеде ән айтқан жігіт жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының көшесінде сағат 04.00-де өтіп бара жатқан жас жігіт «Түнгі қала бүгін біздікі болады» әнін орындады.
– Павлодар қаласының полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде 21 жастағы мас павлодарлық Ак.Шөкин көшесінде серуендеп бара жатып ән айтқан. Осындай мінез-құлық үшін жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБК 440-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар тек бір тәулік ішінде 34 мас адам ұсталды, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Алтынбек Медияров.
Павлодар қаласының жолдары мен көшелеріндегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында Полиция басқармасының қызметкерлері тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Бұдан басқа, тәулік бойы «102» нөмірі бойынша келіп түсетін барлық шақыруларға қызметкерлер дереу шығады.