Павлодарда велосипед ұрлығының алдын алу шаралары күшейтілді
Жаз мезгілінің басталуымен Павлодар қаласында велосипед ұрлығының алдын алу шаралары күшейтілді. Осыған байланысты Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері қала көшелерінде профилактикалық рейд өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындармен жүргізілген түсіндіру жұмыстары барысында полицейлер велосипед қауіпсіздігіне қатысты маңызды кеңестер берді. Мамандардың айтуынша, сенімді құлып пайдалану — қауіпсіздіктің тек бір бөлігі ғана. Велосипедті дұрыс бекіту, оны қалдыру орнын дұрыс таңдау және қарапайым сақтық шараларын сақтау — ұрлықтың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Атап айтқанда, тәртіп сақшылары велосипедті адам көп жүретін, бейнебақылау камералары орнатылған жерлерде қалдыруды ұсынады. Жіңішке тростар оңай қиылатындықтан, шынжырлы немесе U-тәрізді берік құлыптарды қолдану тиімді. Сонымен қатар велосипедті дөңгелегінен емес, жақтауынан (рамасынан) бекіту қажет, өйткені дөңгелекті оңай шешіп алуға болады.
Павлодар қаласы полиция басқармасы Солтүстік бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Нұрбек Түсіповтің айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты — тұрғындардың қырағылығын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
— Біздің міндетіміз — тек құқық бұзушылықты тіркеу емес, оның алдын алу жолдарын түсіндіру, — деді ол.
Рейд барысында тұрғындарға қауіпсіздік ережелері көрсетілген арнайы жадынамалар таратылды. Онда велосипед ұрлығы орын алған жағдайда хабарласу қажет жедел қызметтердің байланыс нөмірлері де қамтылған.
