Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық полицейлер нысанды киімдерін ауыстырды

Павлодарлық полицейлер нысанды киімдерін ауыстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласы патрульдік полициясы батальонының плацында саптық бөлімшелердің жаңа нысанды киімге көшуіне байланысты Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың қатысуымен жеке құрамның саптық байқауы өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы елді дамудың жаңа кезеңіне шығаруға қабілетті прогрессивті реформалар жолын ілгерілетуде. Ел Президентінің тапсырмасы аясында “Полицияның қазақстандық сервистік моделі” пилоттық жобасы іске асырылуда және тиімді әрі ыңғайлы қызмет атқару үшін жаңа нысанды киім үлгісі жасалды. Байқау барысында Жасқайрат Қайыров қызметкерлердің қызметке дайындығын, саптық дайындығын және киім-кешекпен қамтамасыз етілуін тексерді.

– Бүгін сіздер жаңа форма кидіңіздер, бұл жаңа Қазақстанды құрудың тағы бір сенімді қадамы. Біздің қызмет бұрынғыдан да тиімді болып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, алдын алуға бағытталсын. Сіздердің мундир абыройына нұқсан келтірмей, адал қызмет етулеріңізді тілеймін, – деп атап өтті Қайыров.

Полицейлердің өздері жаңа нысанды киім-кешектің артықшылықтарына тоқталды. Мәселен, патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Әсет Құрманғалиев жаңа нысанды киімнің өте ыңғайлы әрі жылы екенін айтты.

– Жаңа форма мен аяқ киім бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Ол жаяу және автопатрульге арналған. Сонымен қатар, қараңғыда және қолайсыз ауа райында біз үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көптеген жарық шағылыстырушы элементтері бар. Сондай-ақ, логотиптері бар, бұл азаматтардың полиция қызметкерлерін алыстан танып, көмекке жүгіне алуымен маңызды. Ал металл жетон, эмблема, кокарда тоқыма бұйымдарымен алмастырылды, бұл полиция қызметкері үшін әлдеқайда ыңғайлы, – деп атап өтті тәртіп сақшысы.

Айта кетейік, Павлодар облысында жаңа нысанды киімді әзірге тек саптық бөлімшелер ауыстырды. Жақын арада учаскелік полиция инспекторлары үшін жаңа үлгідегі нысанды киім жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру