Петропавл полицейлері велосипед ұрлықтары туралы ескертеді
Петропавл полицейлері велосипед ұрлықтары туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр айының соңында Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны таңертең подъезге шығып велосипедін таппай қалған. Ол бұл туралы полицияға хабарлайды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері облыс орталығының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Анықталғандай, ол түнде подъезге кіріп, велосипедті алып кеткен. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Велосипед иесіне қайтарылды.
– Қазіргі уақытта істің материалдары сотқа жіберілді. Велосипед алынып, иесіне қайтарылды. Қос дөңгелекті көліктеріңізді қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Арнайы құлыппен бекіткен жөн және камералар орнатылған орындарда қалдыру қажет. Жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарлау керек. Сондай-ақ, темір көлігіңіздің маркасын, сериялық нөмірін және басқа да сыртқы белгілерін білген абзал. Ұрлық орын алса, ізін суытпай ашу мүмкін болады, – дейді Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Талғат Смағұлов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, велосипед ұрлықтары жазғы маусымда артады екен. Жыл басынан Петропавл қаласында мұндай 38 қылмыс тіркелді.